Қамқоршылық кеңес

Қамқоршылық кеңестің негізгі мақсаты білім беру процесіне қатысушылардың оқыту, тәрбиелеу, өмірі мен қызметінің сапасын жақсарту болып табылады.

Қамқоршылық кеңестің негізгі міндеттері:

1) колледждің үздіксіз жұмыс істеуіне және дамуына жәрдемдесу;

2) оқу-тәрбие процесін жетілдіруге қатысу және білім беру сапасын арттыру;

3) колледждің оқу-материалдық және техникалық базасын нығайту;

4) инновациялық және ғылыми-зерттеу қызметін қолдау;

5) қазақстандық патриотизмді, азаматтықты, адамгершілік-рухани, дене бітімі сау және әлеуметтік белсенді тұлғаның толеранттылығын қалыптастыру үшін тәрбие жүйесін жақсартуға жәрдемдесу;

6) қаржылық, материалдық және өзге де қолдау түрлерін жүзеге асыруда күш-жігерді біріктіру.

Қамқоршылық кеңестің негізгі мақсаты білім беру процесіне қатысушылардың оқыту, тәрбиелеу, өмірі мен қызметінің сапасын жақсарту болып табылады.

1. Жалпы ережелер

«Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі» МКҚК (бұдан әрі – Колледж) Қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастыру және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 9-тармағына сәйкес әзірленді және Қамқоршылық кеңесiнiң (бұдан әрi – Қамқоршылық кеңес) қызметiн ұйымдастыру және оны сайлау тәртiбiн айқындайды.

Қамқоршылық кеңес колледждің дамуына ықпал ететін және оның қызметіне қоғамдық бақылауды қамтамасыз ететін алқалы басқару орган ретінде өз қызметін жүзеге асырады. Қамқоршылық кеңес мүшелерінің өз өкілеттіктерін орындауы ақысыз негізде жүзеге асырылады.

Қамқоршылық кеңестің мүшелері өз қызметінде:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, осы Қағидалардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтауға;

2) Қамқоршылық кеңес колледж әкімшілігімен, ата-аналар комитетімен, жергілікті атқарушы органдармен, мүдделі мемлекеттік органдармен және басқа да жеке және/немесе заңды тұлғалармен өзара жұмыс жасайды.

2. Қамқоршылық кеңесін сайлау тәртібі және құрамы

Қамқоршылық кеңестің құрамын тиісті саланың уәкілетті органы немесе колледж бекітеді және қамқоршылық кеңестің мүшелігіне кандидаттардың жазбаша келісімімен алынған ұсыныстар негізінде қалыптастырылады.

Қамқоршылық кеңестің өкілеттік мерзімі 3 (үш) жылды құрайды.

Комиссия мүшелерінің саны тақ санды құрайды, кемінде 7 (жеті) адамнан тұрады, оның ішінде мемлекеттік органдар өкілдерінің саны Қамқоршылық кеңес мүшелерінің жалпы санының  2/3 (үштен екісінен) аспайды.

Қамқоршылық кеңесінің құрамына:

1) жергілікті өкіл, атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері;

2) жұмыс берушілер мен әлеуметтік әріптестердің өкілдері;

3) үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері;

4) білім алушылардың бір ата-анасы немесе заңды өкілі;

5) бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері.

Колледж басшысы және орынбасарлары Қамқоршылық кеңес отырыстарына қатысады.

Қамқоршылық кеңестің құрамына Қ Р 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Заңының 51-бабы 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тұлғалар кірмейді.

Комиссия төрағасы комиссия мүшелерінің арасынан оның бірінші отырысында сайланады, ол туралы хаттамалық шешім шығарылады.

Төраға болмаған жағдайда оның функцияларын қамқоршылық кеңестің құрамына кіретін жергілікті өкілді, атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдерін қоспағанда, Қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша Қамқоршылық кеңес мүшелерінің бірі жүзеге асырады.

Қамқоршылық кеңестің жұмысын Қамқоршылық кеңес сайлайтын хатшы қамтамасыз етеді, кеңестің мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге қатыспайды.

Комиссияның жалпы құрамының кемінде 2/3 (үштен екісі) қатысқан жағдайда Комиссияның отырысы өткізілген және оның шешімі заңды болып есептеледі.

Комиссия шешімі комиссия мүшелерінің жалпы санының дауыстар басымдылығымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Комиссияның барлық шешімдері хаттама түрінде рәсімделеді, оған төраға, отырысқа қатысқан комиссия мүшелері және хатшы қол қояды.

3. Қамқоршылық кеңесінің өкілеттігі

Қамқоршылық кеңес:

1) колледжді дамытудың басым бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейді;

2) тиісті саланың уәкілетті органына кеңес анықтаған колледж жұмысындағы кемшіліктерді жою туралы ұсыныстар енгізеді;

3) колледж бюджетін қалыптастыру кезінде ұсыныстар әзірлейді;

4) колледж жарғысына  және ішкі тәртіп ережелеріне өзгерістер немесе толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар әзірлейді;

5) колледж басшысының бос лауазымына орналасуға кандидаттармен әңгімелесу қорытындылары бойынша хаттамалық шешімді келіседі және шығарады;

6) талантты жастарды қолдау шараларын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

7) колледжге қайырымдылық көмек түрінде түскен қаржы қаражатын бөлуге қатысады және оны мақсатты жұмсау туралы шешім қабылдайды;

8) білім алушылардың, ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуына бақылау, олардың құқықтарын қорғауға, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оларды физикалық, психикалық және өзге де зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктен қорғауға жәрдемдеседі;

9) санитариялық-гигиеналық жағдайлардың сақталуына, ауыз су режиміне, іргелес аумақтың жай-күйіне қоғамдық бақылауды жүзеге асырады;

10) колледж қызметі туралы басшының есептерін жылына кемінде 2 (екі) рет тыңдайды;

11) қиын өмірлік жағдайға тап болған білім алушыларға қолдау көрсету және материалдық-техникалық базаны нығайту үшін колледж шотына түсетін демеушілік қаражаттың жұмсалуына бақылау жасайды;

12) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын отбасылардан шаққан білім алушыларға көмек көрсетудi ұйымдастыруға жәрдемдеседi, жетiм балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, ерекше бiлiм алуды қажет ететiн балаларды, дарынды балаларды қолдау шараларын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейдi;

13) колледж әкімшілігіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жүргізуге жәрдемдеседі;

14) ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне анонимді сауалнама жүргізу арқылы колледждегі оқу жағдайларына қанағаттану дәрежесіне жылына 1 (бір) рет мониторинг жүргізеді;

15) тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу процессіне мониторинг жүргізеді;

16) колледж әкімшілігіне білім алушылар арасында құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, алкоголизмнің, темекі шегудің, қаңғыбастықтың, қайыршылықтың, қорлаудың, ойынға құмарлықтың алдын алуда жәрдемдеседі;

17) білім алушылар арасында тәртіпті нығайтуға және оқытушылар, білім алушылар, ата-аналар немесе өзге де заңды өкілдер арасында туындаған жанжалдарды шешуге көмектеседі;

18) колледж қызметі бойынша мәдени-сауықтыру іс-шараларын, конференцияларын, кеңестерін, семинарларын өткізуге ықпал етеді;

19) қамқоршылық кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша заң және нормативтік құқықтық актілер жобаларын қоғамдық талқылауға қатысады.

Бақылау барысында анықталған бұзушылықтар кезектен тыс отырыстың қарауына шығарылады.

Қамқоршылық кеңестің қызметі оқу жылына арналған жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

Колледж қызметкерлері (құрылымдық бөлімшелері) Қамқоршылық Кеңестің құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпарат беруге көмек көрсетеді.

4. Қамқоршылық кеңесінің жұмысын ұйымдастыру тәртібі

Қамқоршылық кеңестің төрағасы Қамқоршылық кеңестің отырысын шақыру туралы ұсыныс түскен күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей шақырады.

Қамқоршылық кеңестің отырысын шақыру туралы хабарламаға Қамқоршылық кеңес төрағасы қол қояды және қамқоршылық кеңес мүшелеріне қажетті материалдарды қоса жібереді.

Хабарламада отырыстың өткізілетін күні, уақыты және орны көрсетіледі. Хабарламаға баяндамашы көрсетілген отырыстың күн тәртібі, көрсетілген мәселелерді күн тәртібіне енгізу себептерін қарастыратын анықтамалық материалдар, Қамқоршылық кеңес мүшелеріне отырысқа ұсынылатын қажетті құжаттар қоса беріледі.

Қамқоршылық кеңес отырысын өткізу туралы хабарлама алған Қамқоршылық кеңес мүшесі оны өткізу күніне дейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей Қамқоршылық кеңес хатшысына өзінің қатысуы немесе қатыспауы туралы хабарлайды. 

Қамқоршылық кеңесінің отырысы қажеттілігіне қарай, тоқсанына бір реттен кем емес өткізіледі.

Қамқоршылық кеңестің отырыстарын бейнеконференцбайланыс режимінде өткізуге жол беріледі.

Қамқоршылық кеңестің отырысы, егер қамқоршылық кеңестің барлық мүшелері оның өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарланса және отырысқа оның мүшелерінің жалпы санының кемінде 2/3 (үштен екісі) қатысса, заңды болып табылады. Қамқоршылық кеңес мүшесінің өз дауысын Қамқоршылық кеңестің басқа мүшесіне немесе сенімхат бойынша тұлғаға беруіне жол берілмейді.

Қамқоршылық кеңестің шешімі оның қатысқан мүшелерінің көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданып, хаттамамен ресімделеді, оған отырысқа қатысқан Қамқоршылық кеңестің барлық мүшелері қол қояды.

Дауыстар тең болған жағдайда Қамқоршылық кеңес төрағасы, ал ол болмаған жағдайда Қамқоршылық кеңес төрағасының функцияларын жүзеге асыратын тұлға дауыс берген шешім қабылданады.

Хаттама Қамқоршылық кеңесінің отырысы өткізілгеннен кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде тиісті саланың уәкілетті органына немесе колледжге жіберіледі.

Тиісті саланың уәкілетті органы немесе колледж Қамқоршылық кеңес қабылдаған шешімдер туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

Колледжге қайырымдылық көмек ерікті түрде өтеусіз негізде көрсетіледі және осы Ережеде көзделген тәртіппен Қамқоршылық кеңесінің шешімі бойынша ғана жұмсалады.

Колледжге қабылдаған қайырымдылық көмектен түскен кез келген түсімдер Екінші деңгейдегі банкте ашылған шотқа аударылады.

Қайырымдылық көмектен түсетін түсімдер мынадай мақсаттарға жұмсалады:

1) ТжКБ ұйымының білім алушыларын әлеуметтік қолдау;

2) ТжКБ ұйымының материалдық-техникалық базасын жетілдіру;

3) дарынды балаларды қолдау;

4) дамушы ортаны ұйымдастыруға.

Колледж жыл сайын қаржы жылының қорытындысы бойынша ата-аналар жұртшылығын интернет-ресурсында тиісті есепті орналастыру арқылы қызмет нәтижелері туралы хабардар етеді. 

Қамқоршылық кеңестің мүшесі кеңестің қызметі шеңберінде жеке деректерді қорғау, мемлекеттік және қызметтік құпия, коммерциялық құпия туралы қолданыстағы заңнамамен қорғалатын мәліметтерді үшінші тұлғаларға жария етуге болмайды.

5. Қамқоршылық кеңесінің жұмысын тоқтату

Қамқоршылық кеңесінің жұмысын тоқтату:

1) колледж немесе білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органның бастамасы бойынша;

2) колледжді тарату және қайта құру кезінде.

Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Қамқоршылық кеңесінің құрамынан шыға алады:

1) жеке бастамасы бойынша (кеңес төрағасының атына еркін түрдегі жазбаша өтініш негізінде);

2) кеңес отырыстарында дәлелсіз себептермен жыл ішінде үш реттен артық болмау себебінен.

   


© 2025| Техническое обслуживание Mediana.kz